Новости

AEPPK IT Innovation Lab & Enactus Kazakhstan Business Forum 2025

Бүгін сіздермен ерекше әсерлерге толы екі күндік сапарымызбен бөліскім келеді. AEPPK колледжі ретінде биыл біз IT Innovation Lab командасы ENACTUS платформасында өткен ауқымды 2025 жылғы бизнес форумына қатысып, жаңа білім, жаңа таныстықтар және жаңа шабытпен оралдық.

ENACTUS — кәсіпкерлік, инновация және әлеуметтік жобаларды біріктіретін үлкен орта. Бұл шараға еліміздің әр аймағынан жоғары оқу орындары мен колледждер жиналып, өз жобаларын таныстырды. Біз үшін мұндай деңгейдегі іс-шараның бір бөлігі болу – үлкен тәжірибе әрі мотивация.
Екі күн ішінде түрлі оқу орындарының жұмыстарымен танысып, олардың идеяларынан көп нәрсе үйрендік. Әр команда өз жобасын ерекше форматта таныстырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған креативті бастамаларын көрсетті. Осындай ортада болу – біздің студенттер үшін үлкен мүмкіндік.

Шара барысында марапаттау рәсімдері, командалардың таныстырулары, фотосессиялар, пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылды. Атмосфера өте әсерлі болды: әр жерде талқылаулар, шабыт, жаңа ойлар. Біз де өзіміздің деңгейімізді байқап, болашақ жобаларымызды қалай дамыту керектігін түсіндік.
Ең қызықты сәттердің бірі – айтишниктердің жаңа бағыттарын, технологиялық шешімдерді, стартаптардың қалай жұмыс істейтінін көру болды. Студенттеріміз IT саласының болашағын көзбен көріп, өз бағыттарын нақтырақ түсініп қайтты. Бұл олардың мамандыққа деген қызығушылығын одан әрі арттырғаны сөзсіз.
Жалпы, бұл екі күн біз үшін өте пайдалы өтті:
– жаңа достар, жаңа байланыстар;
– жаңа идеялар;
– жаңа мақсаттар;
– және ары қарай даму үшін үлкен шабыт.

ENACTUS бізге тек білім ғана емес, көшбасшылыққа, батылдыққа және жаңашыл болуға үйрететін орта екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осы сапарға қатысқан барлық студенттерімізге алғыс айтамыз. Алдымызда әлі талай жобалар, талай жеңістер бар деп сенеміз!
Made on
Tilda